
Тергеушінің әрбір таңы қарапайым кеңсе жұмысымен емес, адам тағдырына деген жауапкершілікпен басталады. Алихан Нагимов – заң мен әділдікті өмірлік ұстанымына айналдырған ішкі істер органдарының жас буын өкілдерінің бірі. Ол 2021 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына "тергеуші" мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2025 жылы оқу орнын сәтті аяқтады. Академияны бітірген соң оған лейтенант арнайы шені берілді. Сол жылдың маусым айында Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы Абай полиция бөліміне тергеуші лауазымына тағайындалып, қызметтік жолын бастады. Қызметке кіріскен алғашқы күндерден-ақ Алихан Нагимов өзін сауатты, бастамашыл әрі жауапты қызметкер ретінде көрсете білді. Оның бойындағы жинақылық, кәсіби білім мен күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білу қабілеті тергеуші мамандығына тән басты қасиеттердің бірі. Тергеушінің жұмыс күні таңғы қызметтік жиналыстан басталады. Онда қылмыстық істердің барысы талқыланып, алдағы міндеттер айқындалады. Бұдан кейін оқиға орнына шығу, куәлар мен күдіктілерден жауап алу, іс материалдарын зерделеу, процессуалдық құжаттарды рәсімдеу сияқты маңызды жұмыстар атқарылады. Бұл – жоғары жауапкершілік пен толық назарды талап ететін күрделі қызмет. Бүгінгі күнге дейін Алихан Нагимовтың өндірісінде 37 қылмыстық іс болып, оның 13-і сотқа жолданған. Бұл көрсеткіштердің артында тынымсыз еңбек, әрбір дерекке мұқият қарау және істі әділ шешіммен аяқтауға деген ұмтылыс жатыр. Тергеуші қызметі барысында түрлі тағдырлармен бетпе-бет келеді. Әрбір арыз-шағым – азаматтың әділдікке деген үміті. Осы орайда Алихан Нагимов өтініш иелеріне бейжай қарамай, оларды мұқият тыңдап, заң шеңберінде тиісті көмек көрсетуге тырысады. Адамгершілік пен кәсібилікті қатар ұстану – оның басты қағидаларының бірі. Оқиға орнына бару – тергеуші жұмысының аса жауапты кезеңі. Мұнда әрбір ұсақ-түйектің өзі маңызды. Дәлелдемелерді жинау, заттай айғақтарды тіркеу, куәлардан алғашқы түсініктемелер алу арқылы істің толық көрінісі қалыптасады. Жас болса да, Алихан Нагимов бүгінде өз ісіне сенімді, болашағынан зор үміт күттіретін тергеуші ретінде танылып келеді. Оның күнделікті еңбегі – қоғамдағы тәртіпті сақтау мен азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қызмет.