БҚО-да құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды

БҚО-да құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды

Батыс Қазақстан облысында жасөспірімдер арасында "Заң мен тәртіп" қағидатын ілгерілету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қала мектептерінде енгізілген оқушылар көшбасшыларымен (мектеп парламенттерімен) кездесу ұйымдастырылды.  Іс-шара Орал қаласындағы №52 жалпы білім беретін орта мектепте өтті. Кездесуге Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің, полиция департаментінің және прокуратура органдарының өкілдері қатысты.
Ұлттық жоба аясында салынған заманауи білім ордасы өткен жылы пайдалануға берілген. Кездесу барысында қонақтар мектеп ғимаратын аралап, пәндік кабинеттердің жұмысымен танысты. Сондай-ақ полиция департаментінің қолдауымен жұмыс істейтін "Жас сақшы" сыныбының қызметіне ерекше назар аударылды. Шара аясында мектеп оқушылары құқық бұзушылықтың алдын алу, балалар арасындағы буллингке қарсы іс-қимыл, салауатты өмір салтын насихаттау және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған өз жобаларын таныстырды. Аталған бастамалар "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Мектеп көшбасшыларымен өткен ашық диалог барысында "Заң мен тәртіп" қағидатын сақтау – қоғам қауіпсіздігінің негізгі кепілі екені атап өтіліп, жасөспірімдердің азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Абылайхан Серіков оқушыларға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі биылғы жылды "Балалар жылы" деп жариялағанын атап өтті. Сонымен қатар ол заң талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтың салдары және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңыздылығы жөнінде пайдалы кеңестер берді. Кездесу барысында мектеп парламентінің мүшелері өз ойларын ашық айтып, өңір басшылығы мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне сұрақтарын қойды. Қоғамдық өмірге белсенді араласып, заң мен тәртіпті нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар оқушыға облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары атынан алғыс хаттар табысталды. Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті жасөспірімдер арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қауіпсіз орта құруға бағытталған профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.