
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары және допперлік үшін жауапкершілік» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесу өтті.
Іс-шара Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылды. Кездесу барысында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, жеке деректерді қорғау тәсілдері және желідегі қылмыстардың алдын алу шаралары туралы баяндады.
Жаңа жыл мерекелері қарсаңында киберқауіптердің алдын алуға ерекше назар аударылды. Қатысушыларға жалған ұтыс ойындары, төмен бағамен жүргізілетін онлайн-сатылымдар, сондай-ақ таныс адамдардың атынан ақша аударуды сұрау сияқты қауіптер жөнінде ескертілді.
Сонымен қатар «допперлік» ұғымы — заңсыз жолмен алынған ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға және аударуға қатысу — және ол үшін заңнамада көзделген жауапкершілік пен санкциялар түсіндірілді.
Осындай кездесулер цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға және интернет кеңістігінде жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға ықпал етеді.