Батыс Қазақстан облысындағы ойын-сауық мекемелерінің қауіпсіздік деңгейі (рейтингі)

Батыс Қазақстан облысындағы ойын-сауық мекемелерінің қауіпсіздік деңгейі (рейтингі)

 «2024-2028 жылдарға арналған қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына» сәйкес, "102" арнасы арқылы келіп түскен құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар негізінде ойын-сауық мекемелерінің қауіпсіздік деңгейін бағалау критерийлері (рейтингі) бекітілді. Осыған орай, "Заң және Тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті облыс аумағындағы ойын-сауық орындарынан келіп түсетін өтініштер мен құқық бұзушылықтар бойынша жан-жақты талдау жүргізді. Анықталғандай, бірқатар көңіл көтеру орындарында құқықбұзушылық деректері жиі тіркеледі. Құқық қорғау органдары бұл мекемелерге ерекше назар аударып, құқықтық тәртіпті сақтау бойынша тиісті шаралар қабылдауда. Талдау нәтижесінде 437 көңіл көтеру орнынан 1226 құқықбұзушылық туралы хабарлама тіркеліп, 90 қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда, 33 ұрлық, 29 қасақана денсаулыққа зиян келтіру, 12 бұзақылық, 6 алаяқтық, 4 тонау, 3 адам өлтіруге оқталу, 2 мүлікті бүлдіру және 1 адам өлтіру дерегі орын алған. Хабарламалар жиі тіркелген нысандардың қатарында: Шолохов көшесіндегі «The Bar» түнгі клубы – 97 хабарлама, Мұхит көшесіндегі «Али» кафесі – 46, Ружейников көшесіндегі «Central Karaoke» – 30, Сарайшық көшесіндегі «Эльдивино» – 30, Жәңгір хан көшесіндегі «Алғабас» – 28, Мұхит көшесіндегі «Махаббат» – 27, Гагарин көшесіндегі «Шок» – 26, Қонаев шағын ауданындағы «Монреаль» түнгі клубы – 25, Әбілқайыр хан көшесіндегі «Восточная сказка» кафесі – 22, «Лас Вегас» түнгі клубы – 21 және «Скай» кафесі – 18 хабарлама. Полиция департаменті көңіл көтеру орындарының иелері мен әкімшіліктерін құқық бұзушылықтың алдын алуға, бейнебақылау жүйелерін орнатып, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет.