
«Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бұрын сотталған, 1978 жылы туған ер адамды ұстады.
Оның тұрғылықты жері бойынша жүргізілген санкцияланған тінту кезінде көкнәр тұқымдары салынған металл ыдыс; көкнәр тұқымдарынан дайындалған ерітінді құйылған 0,5 л көлеміндегі бөтелке; жеті шприц анықталып, тәркіленді.
Аталған дерек бойынша аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың баламаларын өткізу мақсатсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау не тасымалдау белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыс үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткі құралдарының және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына байланысты кез келген әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салады.