БҚО-да «Жас сақшы» полицей сыныптары арасында спортакиада өтті

БҚО-да «Жас сақшы» полицей сыныптары арасында спортакиада өтті

Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті және «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының облыстық филиалы бірлесіп, Орал қаласында «Жас сақшы» полицей сыныптары арасында спортакиада ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдердің дене дайындығын арттыру, сондай-ақ полиция қызметіне деген қызығушылықты күшейту. Спортакиадаға облыстың төрт Жас сақшы сыныптарынан құралған командалары қатысты: Орал қаласы №38 мектеп-лицейінің «Намыс» командасы, Орал қаласы №52 мектебінің «Алаш» командасы, Орал қаласы №46 мектебінің «Ұлан» командасы, Бөрлі ауданы Ақсай қаласы №5 мектебінің «Жалын» командасы. Ашылу рәсімінде БҚО Полиция департаментінің Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы, Әзілхан Қайырханов және «Динамо» ДШСҚ облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Манарбек Габдуллин қатысушыларға сәттілік тілеп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті. Жарыс барысында қатысушылар түрлі эстафета кезеңдерінде күш, жылдамдық және ептілік бойынша өзара бақ сынады.

Командалық есеп бойынша 1-орынды – «Жалын» командасы жеңіп алса, 2-орынды «Алаш» командасы иеленіп, 3-орын «Ұлан» командасына бұйырды. Үздік нәтиже көрсеткен командалар кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Спортакиада жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында тәртіпке бағыну, командалық рух, мақсатқа ұмтылу секілді қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етті. «Жас сақшы» жобасы алдағы уақытта да өңір мектептері арасында кеңейіп, жас патриоттарды тәрбиелеу бағытындағы маңызды бастама ретінде жалғасатын болады.