
"Цифрлық сату" жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тыйым салынған заттарды таратуға қатысы бар деп күдікке ілінген 17 жастағы өңір тұрғынын ұстады. Жеке тінту кезінде күдіктінің қалтасынан изолентамен оралған 22 түйіншек табылып, тәркіленді. Олардың ішінде ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болған. Кәмелетке толмаған жігіттің айтуынша, ол екі ай бойы есірткіні заңсыз өткізумен айналысатын интернет-дүкендердің бірінде курьер болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта оның құқыққа қайшы қызметке қалай тартылғаны және қылмыстық схеманы ұйымдастыруға қатысы бар азаматтар анықталуда. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.Жыл басынан бері полицейлер есірткі қылмысына қатысты 254 адамды ұстады. Ұсталғандардың 26-сы есірткіні жасырын қойып кетуші болған. Сондай-ақ олардың 12-сі синтетикалық есірткіні таратуға қатысы бар. Полиция азаматтарды қырағылық танытуға, күдікті интернет-ресурстардың қызметіне назар аударуға және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысу, соның ішінде курьерлік және есірткіні жасырын қойып кету үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске салады.