Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті мен облыстық прокуратура қызметкерлері Орал қаласындағы №1 жалпы орта білім беретін мектебінде 9–11-сынып оқушыларына арналған “Қауіпсіздік сабағын” өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, оларды интернеттегі және қоғамдағы түрлі қауіп-қатерлерден қорғау жолдарын үйрету болды.
Сабақ барысында мамандар оқушыларға интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері мен оның алдын алу тәсілдері туралы түсіндіріп, жеке деректерді қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, кәмелет жасына толмағандардың түнгі уақытта жүру тәртібі мен оған қатысты заң талаптары түсіндірілді.
Бұдан бөлек, кездесуде мектеп ортасында жиі кездесетін буллинг мәселесі де қозғалды. Құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай жағдайлардың алдын алу және өзге оқушылармен өзара сыйластықта болу қажеттігін атап өтті.
Осы бағыттағы шаралар өңір мектептерінде тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу.