БҚО-да полиция қызметкерлері автожолдардың жай-күйіне тексеру жұмыстарын жүргізіп, 20-дан астам кемшілікті анықтады

БҚО-да полиция қызметкерлері автожолдардың жай-күйіне тексеру жұмыстарын жүргізіп, 20-дан астам кемшілікті анықтады

Ағымдағы жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысы жолдарында 886 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 52 адам қаза тауып, мыңнан астам адам әртүрлі дене жарақаттарын алды. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, оның ішінде жылдамдықты арттыру, қауіпті басып озу, маневр жасау ережелерін сақтамау, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту талаптарын бұзу, сондай-ақ автожолдардың техникалық жағдайы болып отыр.

Апаттылық деңгейін төмендету және жолдардағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында 15–30 қыркүйек аралығында Батыс Қазақстан облысы аумағында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.

Іс-шара барысында БҚО Полиция департаменті қызметкерлері автожолдардың жай-күйіне тексеру жұмыстарын ұйымдастырып, 20-дан астам кемшілікті анықтап, оларды жою бойынша жол иелеріне тиісті ұйғарымдар берді. Сонымен қатар, автожолдарды тиісті деңгейде күтіп-ұстамау немесе ұйғарымдарды орындамау деректері бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы және 462-бабының 3-бөлігі бойынша 8 әкімшілік хаттама толтырылды.

БҚО Полиция департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады:

Басып озу немесе маневр жасамас бұрын қауіпсіздікке көз жеткізіңіз;

Шаршаған жағдайда жақын маңдағы елді мекендерде немесе арнайы демалыс орындарында тынығуға кеңес береміз;

Ұялы телефонды жүргізу кезінде қолданбаңыз;

Көлігіңіздің техникалық жағдайына тұрақты түрде көңіл бөліңіз;

Жаяу жүргіншілер жолды тек белгіленген жерлерден кесіп өтіп, жүргізушінің сізді көріп, тоқтағанына көз жеткізгеннен кейін ғана жолды жалғастырыңыз.

Қарапайым жол қозғалысы ережелерін сақтау – жол-көлік оқиғаларының алдын алудың ең тиімді жолы. Әр жүргізуші мен жаяу жүргіншінің қауіпсіз жүріс-тұрысы – жолдағы өмірлерді сақтап қалудың кепілі.