Полиция азаматтарға бет-жүзді жабатын киімдерге қатысты заң талаптарын түсіндіруде

Полиция азаматтарға бет-жүзді жабатын киімдерге қатысты заң талаптарын түсіндіруде

Орал қаласында жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасындағы жаңа талаптарды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 2025 жылғы 12 шілдеден бастап жаңа ереже күшіне енді. Енді қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге болмайды. Яғни, бетті тұтас жауып тұратын киімдерге тыйым салынды. Бірақ бұл тыйым барлық жағдайға қатысты емес. Кейбір ерекше жағдайларда бетті жабуға рұқсат етіледі. Мысалы: Қызмет бабында (мысалы, дәрігер, құрылысшы, полицей т.б. жұмыс барысында), Медициналық себептермен (бетперде тағу қажет болғанда), Табиғи апат немесе төтенше жағдай кезінде (қорғаныс үшін), Ауа райы өте суық немесе шаңды болғанда, Спорттық немесе мәдени шараларда (мысалы, театрдағы костюмдер, спорт киімдері т.б.). Орал қаласының полиция қызметкерлері жаңа талапты түсіндіру жұмыстарын саябақтарда, көшелерде, сауда және ойын-сауық орталықтарында ұйымдастыруда. Әрбір тұрғынға заң нормасының мазмұны жан-жақты түсіндіріліп, адамның бет-жүзін тұмшалайтын киімдер мен аксессуарларды (бетперде, толық жабық капюшон және т.б.) қоғамдық орындарда пайдаланудың құқықтық салдары туралы ескертілуде. ІІМ түсіндіргендей, аталған заң нормасы профилактикалық сипатқа ие. Сондықтан азаматтарға алдымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Тек полицияның заңды талабына қасақана бағынбаған жағдайда ғана жауапкершілік көзделген баптармен шара қолданылуы мүмкін. Полиция атап өткендей, бұл талап – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектемей, қоғамда тыныштық пен тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралардың бірі.

https://www.instagram.com/p/DOs0p7Ejaf5/