Батыс Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды

Батыс Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды

Ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында 818 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 48 адам қаза тапты, ал мыңнан астам азамат түрлі жарақат алды.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 15–30 қыркүйек аралығында облыс аумағында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

ЖКО-ның негізгі себептері бұрынғыдай жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзумен байланысты: жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығып кету, маневр жасау ережелерін бұзу, сондай-ақ қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту талаптарын сақтамау.

Іс-шараның алғашқы күні-ақ полицейлер 300-ден астам өрескел құқықбұзушылықты анықтады, оның ішінде:

• 3 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған;

• 9 дерек көлік құралын жүргізу құқығы жоқ азаматтардың басқаруы;

• 5 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылса да, қайтадан рөлге отырған;

• 56 құқықбұзушылық – телефонды пайдалану фактісі;

• 16 дерек – мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз немесе тіркеусіз көлік жүргізу;

• 37 құқықбұзушылық – жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережелерін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау;

• 8 дерек – жаяу жүргіншіге жол бермеу;

• 93 құқықбұзушылық – жаяу жүргіншілер тарапынан жол ережелерін бұзу.

Облыс полициясы жүргізушілерге мына талаптарды ескертеді:

• әрдайым абай болыңыздар;

• тек жолаушылардың ғана емес, басқа жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығы үшін де жауапты екендеріңізді ұмытпаңыздар;

• маневр жасар немесе басып озар алдында қауіпсіздігіне көз жеткізіңіздер;

• шаршаған жағдайда жақын маңдағы елді мекенде немесе демалыс орнында тынығыңыздар;

• көлік жүргізу кезінде телефонға алаңдамаңыздар;

• автокөліктің техникалық жағдайын үнемі тексеріңіздер.

Жаяу жүргіншілерге ескерту: жолды тек белгіленген жерден өтіңіздер және қозғалысты бастар алдында жүргізушінің тоқтағанына көз жеткізіңіздер.

📌Жол қозғалысы ережелерін сақтау — апаттардың алдын алып, адам өмірін сақтап қалудың кепілі!

#ЗАҢМЕНТӘРТІП