Орал қаласында есірткі құралдарын заңсыз сақтау дерегі анықталды

Орал қаласында есірткі құралдарын заңсыз сақтау дерегі анықталды

Есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы бағытталған «Қарасора» және «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шаралары аясында, Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері маусым айының басында облыс орталығының 55 жастағы тұрғынының тұрғылықты мекенжайы бойынша санкцияланған тінту жұмыстарын жүргізді.
Сот қаулысының негізінде жүргізілген тінту барысында үй-жайдан өзіне тән ерекше иісі бар, мөлдір полиэтилен пакеттерге салынған қою жасыл түсті зат, сондай-ақ сырттай есірткілік қасиеті бар өсімдіктерге ұқсас үш түп өсімдік табылып, айғақты зат ретінде тәркіленді.
Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, алынған зат кептірілген марихуана болып табылады, ал өсімдіктер құрамында есірткілік әсері бар компоненттер кездесетін «қарасора» тектес өсімдік түріне жататыны анықталды.
Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы елеулі мөлшерге жатады және бұл ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке негіз болады.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің
296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды:
🟩«Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың баламаларын өткізу мақсатында емес, заңсыз иемденіп алу, сақтау, тасымалдау (елеулі мөлшерде)».
Аталған баптың санкциясына сәйкес, бұл құқықбұзушылық үшін айыппұл салу, бостандығын шектеу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Күдікті есірткі затын жеке тұтыну мақсатында сақтағанын айтып, кінәсін мойындады. Сонымен қатар, тергеу аясында қосымша сараптамалар тағайындалды. Есірткі құралдарының шығу тегі мен өзге де мән-жайлар анықталуда.Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Тыйым салынған заттарды өсіру мен тарату арналары тексерілуде.