
Полиция 20 жылдан астам уақыт бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысын ашты.
- Астанада 2005 жылы зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның мәйіті табылды. Айғақтардың болмауына байланысты қылмысты сол кезде ашу мүмкін болмады.
Биыл полиция архивті қайта зерделеп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар Павлодар облысының екі тұрғыны анықталды. Тамыз айында күдіктілер ұсталып, кінәларын мойындады. Қазіргі уақытта екеуі де қамауда. Тергеу жалғасуда.
Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында, - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
ІІМ азаматтарды пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және айналадағы тұрғындардың тыныштығын бұзбауға шақырады. Жыл басынан бері пиротехниканы қолдану және оның айналымына қатысты талаптарды бұзғаны үшін 251 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Соңғы уақытта көпқабатты үйлердің тұрғындары туған күн және өзге де мерекелерді тікелей аулада отшашу ұйымдастыру арқылы атап өтетін жағдайлар жиілеп отыр. Оның ішінде түнгі уақытта да пиротехникалық бұйымдар қолданылатын жағдайлар бар.
Алайда бірнеше минутқа созылатын мерекелік отшашу көршілердің наразылығын тудырып қана қоймай, жарақат алуға, өрт шығуына және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Еске саламыз: елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолдануға белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заңнамада мерекелік күндерге, соның ішінде Жаңа жыл түніне қатысты ешқандай ерекшелік қарастырылмаған.
Жыл басынан бері пиротехниканы қолдану және оның айналымына қатысты талаптарды бұзғаны үшін 251 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 237 адам пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде қолданғаны үшін, тағы 14 адам оларды сақтау, пайдалану, тасымалдау және сату тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылған.
Мұндай құқық бұзушылықтардың ең көп саны ірі қалаларда тіркеледі. Астанада 74 адам, Алматыда 58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Сертификатталмаған пиротехниканы пайдалану және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамау ауыр жарақаттарға және өртке әкелуі мүмкін.
Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері өртке қарсы қызмет мамандарымен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Пиротехникалық бұйымдарды жеткізушілер, қоймалар, базарлар мен сауда орындары тексеріліп, заңсыз сауда жасауға және сертификатталмаған пиротехниканы өткізуге жол бермеу шаралары қабылдануда.
Тағы бір маңызды мәселе – тыныштықты сақтау. Жыл басынан бері еліміз бойынша 79 мыңнан астам тыныштықты бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде 78 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Азаматтарды мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде жауапкершілік танытуға шақырамыз. Қауіпсіздік талаптарын сақтап, тек сертификатталған пиротехникалық бұйымдарды сатып алыңыздар және айналадағы адамдардың тыныштығын ескеріңіздер.
Мереке жарақатқа, өртке немесе өзге адамдарға қолайсыздық туғызатын жағдайға айналмауы тиіс.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінде бесінші қабаттағы терезе алдында отырған кішкентай баланы құтқарып қалған полиция қызметкерін марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шара барысында БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев Шаған полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Убиш Гайсинге қызметтік міндетін жоғары деңгейде атқарып, кішкентай бүлдіршіннің өміріне төнген қауіптің алдын алғаны үшін алғыс білдіріп, марапат табыстады.
Еске сала кетейік, оқиға Орал қаласындағы Жәңгір хан көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде болған. Сол аумақтың учаскелік инспекторы Убиш Гайсинге тұрғындар хабарласып, бесінші қабаттағы ашық терезенің алдында шамамен 3-4 жастағы баланың тұрғанын айтқан.
Оқиға орнына жедел жеткен полицей бесінші қабаттың терезесінен кішкентай бала басын шығарып отырғанын байқап, дереу жоғарыға көтеріліп, баланы қауіпсіз жерге алып шығып, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Марапаттау кезінде департамент бастығы полиция қызметкерінің қырағылығы мен батыл әрекетін атап өтіп, мұндай жағдайларда әр секундтың маңызды екенін жеткізді.
БҚО Шаған полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Шыңғыс Ерсайынов өзіне бекітілген аумақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға күн сайын үлес қосып келеді. Полиция қызметкері үшін бұл міндет – кәсіби жауапкершілікпен қатар, әке жолын жалғастырған отбасылық дәстүр. Шыңғыс Ерсайынов – Шаған полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы. Учаскелік инспектордың бір күні аумақты аралап, тұрғындармен профилактикалық жұмыс жүргізумен ғана шектелмейді. Күдік тудыратын нысандарды тексеру, қоғамдық тәртіпті сақтау, түрлі шақыртуларға жедел әрекет ету – оның күнделікті қызметінің ажырамас бөлігі.
Күндіз де, түнде де аумақ тұрғындарының қауіпсіздігіне жауап беретін учаскелік инспектор әр жағдайды саралап, нақты әрі жедел шешім қабылдауы тиіс. Бұл қызметте қырағылық пен жауапкершілікпен қатар, заң талаптарын қатаң сақтау да маңызды. Полиция қызметкері Шыңғыс Миржанұлын ауладағы балалардың қуана қарсы алып, тұрғындардың жылы жүзбен амандасуы – оның әкімшілік аймағындағы халықтың полицияға деген сенімінің көрінісі. Бұл – учаскелік инспектор еңбегінің бағасы әрі тұрғындармен қалыптасқан өзара байланыстың айқын белгісі. Шыңғыс Ерсайынов – полицейлер әулетінің жалғасы. Оның әкесі де ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарында абыроймен қызмет атқарып, бүгінде құрметті еңбек демалысында. Әке жолын жалғаған Шыңғыс та ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті күзетіп келеді.
Оның жұбайы да – тәртіп сақшысы. Осылайша, бір шаңырақта екі полиция қызметкері отбасы мен қызмет жауапкершілігін қатар алып келеді. Бір отбасы. Бір мамандық. Бір ортақ мақсат – ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
БҚО полиция департаменті құрама командасы волейболдан ҰҚК Шекара қызметі бастығының кубогын жеңіп алды. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылған күніне орай Батыс Қазақстан облысында күштік құрылымдар қызметкерлері арасында волейболдан жарыс өтті. Спорттық сайысқа 6 команда қатысып, жеңіс үшін бақ сынады. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінен “Арлан” құрама командасы қарсыластарынан басым түсіп, 1-орынға ие болды. Осылайша полиция қызметкерлерінен құралған команда ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бастығының кубогын иеленді.
Жарыс барысында қатысушылар жоғары спорттық шеберлік пен командалық үйлесімділіктің үлгісін көрсетті. Мұндай спорттық шаралар күштік құрылымдар қызметкерлерінің дене дайындығын арттырып қана қоймай, өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Орал қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері автокөліктерді тексеру барысында көліктердің бірінен алкоголь өнімдерін заңсыз сақтау фактісін анықтады.
Тексеру кезінде автокөліктен: көлемі 5 литрлік 70 бөтелке; көлемі 1 литрлік 1 бөтелке; көлемі 0,5 литрлік 12 бөтелке және басқа да алкоголь өнімдері анықталды.
Барлығы 83 дана алкоголь өнімі тәркіленіп, олардың жалпы көлемі 400 литрге жуық болды. Жинақталған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жолданды.
Полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ оларды сақтау мен өткізуге қатысты белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
ІІМ қазақстандықтардың дербес деректерінің сатылымға шығарылғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Қазақстан азаматтарының дербес деректері сатылымға шығарылды деген ақпарат қоғамда алаңдаушылық туғызғаны байқалады. Ішкі істер министрлігі аталған ақпаратты тексерді. Бүгінгі таңда eGov порталына заңсыз кіру немесе қол жеткізу фактілері тіркелген жоқ.
Сонымен қатар мұндай хабарландырудың жариялану фактісі назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта хабарландыруды орналастырған тұлғаны, ұсынылып отырған деректердің қайдан алынғанын, сондай-ақ оларды заңсыз алуға және таратуға қатысы бар барлық адамды анықтау бойынша қажетті шаралар қабылдануда.
Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде азаматтардың дербес деректерін қорғауға қатысты конституциялық кепілдікті іске асыруға барынша жауапкершілікпен қарайды. Конституцияның 21-бабында дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын мұндай әрекеттерден қорғау тікелей көзделген.
Барлық қатысы бар тұлғаны анықтау үшін қажетті шаралардың бәрі қабылданады. Ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайды. Бұл жұмыс Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында.
Дрондар, патрульдік автокөліктердегі мобильді кешендер, орташа жылдамдықты бақылау жүйелері және лазерлік кешендер полиция қызметкерлеріне жол жүрісі қағидаларының бұзылуын анықтауға, қауіпті жағдайларға жедел ден қоюға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға көмектеседі.
- Құрметті азаматтар! Қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтарға жедел көмек көрсету мақсатында заманауи цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. Бұл шешімдер қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тәртіп бұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Мәселен, ұшқышсыз ұшу аппараттары жол қозғалысын әуеден бақылайды. Олар жылдамдықты асырған және жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілерді тіркейді. Ең бастысы дрондар құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға көмектеседі.
Патрульдік автокөліктерге орнатылған мобильді кешендер де жол қозғалысын бақылауда маңызды рөл атқарады. Олар көлік ағынының арасынан ұялы телефон қолдану, жаяу жүргіншіге жол бермеу, жылдамдықты асыру және маневр жасау қағидаларын бұзу сияқты деректерді автоматты түрде анықтайды.
Қала сыртындағы жолдарда көліктің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі қолданылады. Қазіргі таңда бұл жүйе республикалық маңызы бар 12 негізгі бағытта енгізілген.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін лазерлік жүйелер пайдаланылуда. Олар түнгі уақытта, ауа райы қолайсыз кезде және жүргізушінің шаршағанын немесе ұйқылы күйде отырғанын анықтауда ерекше маңызды.
Цифрлық технологиялармен қатар жолдың жүру бөлігін жасанды түрде тарылту жұмыстары да жүргізілуде. Бұл жүргізушілердің жылдамдықты төмендетіп, жолға мұқият назар аударуына ықпал етеді.
Аталған шаралардың барлығы азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған. Біз үшін әрбір жүргізуші мен жолаушының жолда өзін қауіпсіз сезінуі маңызды, - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаев.
БҚО тұрғыны үйінің жертөлесінде фитозертхана ұйымдастырған
«Қарасора — 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісін анықтады.
Оралда 40 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Күдіктінің үй ауласындағы шаруашылық құрылысты тінту кезінде есірткі құрамды өсімдіктерді өсіруге арнайы жабдықталған фитозертхана анықталды.
Жертөледен қарасораға ұқсас алты түп өсімдік, үш желдеткіш, екі прожектор, 14 жарықдиодты шамы бар панель және тыңайтқыш салынған 29 қаптама тәркіленді.
Сонымен қатар тұрғын үйді тінту барысында қарасора тұқымы болуы мүмкін алты пакет табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Батыс Қазақстан облысында өзін электр желілік компаниясының қызметкері ретінде таныстырған алаяқтардың арбауына түскен әйел ірі көлемдегі ақшалай қаражатынан айырылды. Полиция тұрғындарды мұндай қоңырауларға сақ болуға шақырады.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті тұрғындарды электрмен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлері ретінде хабарласып, алаяқтық жасайтын қылмыскерлердің жаңа айла-тәсілі туралы ескертеді.
"Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы" ЖШС мәліметінше, соңғы уақытта өзін компания қызметкері ретінде таныстырып, электр энергиясын есепке алу құралын ауыстыру, тексеру немесе салыстырып тексеру қажет екенін айтып қоңырау шалатын алаяқтық деректері жиілеген. Олар азаматтардан ұялы телефонға келген SMS-хабарламадағы растау кодын, жеке мәліметтерін немесе банк картасының деректерін сұрайды.
Осындай алаяқтықтың құрбаны 20 шілде күні Батыс Қазақстан облысының тұрғыны болды. Белгісіз адам өзін электр желілеріне қызмет көрсететін ұйымның қызметкері ретінде таныстырып, электр есептегішін тексеруге өтінім рәсімдеу үшін ұялы телефонға келген SMS-кодты сұраған. Әйел оның сөзіне сеніп, растау кодын айтып берген. Біраз уақыттан кейін оған қайта хабарласқан алаяқтар бұрын берілген код үшінші тұлғалардың қолына түскенін және оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Олар ақшаны "сақтап қалу" сылтауымен әйелді өз атына несие рәсімдеуге, кейін алынған қаражатты "қауіпсіз шотқа" аударуға көндірген. Соның салдарынан жәбірленуші ірі көлемдегі қаржысынан айырылды.
Осыған байланысты полиция азаматтарға келесі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ұсынады:
SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге айтпаңыз;
жеке деректеріңізді, банк карталарының реквизиттері мен қауіпсіздік кодтарын бөгде адамдарға бермеңіз;
күмәнді қоңырау шалынған жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ұйымның ресми байланыс нөміріне өзіңіз хабарласыңыз;
электр қуатын өшіру, айыппұл салу немесе қандай да бір әрекетті шұғыл орындауды талап еткен қорқыту сөздеріне сенбеңіз;
"қауіпсіз" немесе "қорғалған" шоттарға ақша аудару туралы ұсыныстардың барлығы алаяқтардың айласы екенін есте сақтаңыз.
Өз кезегінде "Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы" ЖШС көппәтерлі тұрғын үйлерде электр есептегіштерін телефон арқылы келісу негізінде ауыстырмайтынын, SMS арқылы келген растау кодтарын ешқашан сұрамайтынын және телефон қоңыраулары немесе мессенджерлер арқылы есептегіш ауыстыруға кезек қалыптастырмайтынын мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, есепке алу құралдарын орнату, ауыстыру және техникалық қызмет көрсету жұмыстары тек ресми хабарламалар негізінде және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Электр есептегіштеріне қатысты сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындар "Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы" ЖШС-нің Электр энергиясын бақылау және есепке алу департаментіне 54-50-86 немесе 54-48-11 телефондары арқылы хабарласа алады. Полиция азаматтарға электрмен жабдықтаушы ұйымдардың, банктердің, құқық қорғау органдарының және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ешқашан телефон арқылы SMS-кодтарды айтуды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты "қауіпсіз шоттарға" аударуды талап етпейтінін еске салады.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды қырағы болуға және бұл алаяқтық тәсілі туралы жақындарына, әсіресе егде жастағы адамдарға ескертуге шақырады. Қарапайым сақтық пен ақпараттандырылғандық көптеген интернет және телефон алаяқтығының алдын алуға мүмкіндік береді.