Жетісу облысының аудандық мектептерінде Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысы ережелеріне арналған профилактикалық сабақтар өткізуде. Бұл шаралар балаларға жолда өзін дұрыс ұстау дағдыларын сіңіріп, оларды жас кезінен бастап тәртіпке, жауапкершілікке үйретуді мақсат етеді.
Полицейлер оқушыларға жол белгілерінің мағынасын, бағдаршам сигналдарын, жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін түсіндіріп, жолда абай болудың маңызын нақты мысалдар арқылы жеткізді. Сабақтар интерактивті түрде өткізіліп, оқушылардың қызығушылығын оятатын көрнекі құралдар мен жаттығулар қолданылды.
Балалар жол қозғалысына қатысушылар ретінде қандай қауіптермен бетпе-бет келуі мүмкін екенін, әр қадамда мұқият болу қажет екенін жақсы ұғына бастады. Тәртіп сақшылары өз тәжірибелерінен алынған оқиғалармен бөлісіп, балалардың сұрақтарына жауап берді.
Мұндай жұмыстардың қажеттілігін жол-көлік оқиғаларының статистикасы да дәлелдейді. Биылғы жылдың басынан бері Жетісу облысы аумағымен өтетін республикалық маңызы бар тас жолдарда 50 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 89 адам зардап шекті, оның ішінде 4-і — кәмелетке толмағандар.
Полицейлер бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын атап өтті. Себебі жолдағы қауіпсіздік – тек ересектердің емес, балалардың да ортақ жауапкершілігі. Ал оны қалыптастыру бала кезден басталуы тиіс.