Жетісу полицейлері оқушылар мен ата-аналарға заң талаптарын түсіндірді

Жетісу полицейлері оқушылар мен ата-аналарға заң талаптарын түсіндірді

Талдықорған қаласындағы №22 орта мектебінде Жетісу облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармаларының қызметкерлері оқушылар мен ата-аналармен кездесіп, құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізді.

Кездесу «Заң мен тәртіп» қағидасын жасөспірімдердің санасына сіңіру, құқықбұзушылықтың алдын алу және жас буынды зиянды әрекеттерден сақтандыру мақсатында ұйымдастырылды. Жиналыс барысында оқушыларға құқықтық жауапкершілік жайлы кеңінен айтылып, кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылықтар мен олардың салдары талқыланды.

Шара аясында жастардың өміріндегі қателіктердің соңы қандай ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін екені көрсетілген бейнероликтер ұсынылды. Темір тордың ар жағындағы жастардың тағдыры арқылы оқушыларға шынайы өмірден алынған мысалдармен ой салынды.

Сондай-ақ, ата-аналарға балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жазғы демалыс кезінде оларды қадағалап отыру, зиянды әдеттерден, әсіресе есірткі заттарынан сақ болуын қамтамасыз ету жөнінде кеңестер берілді. Полицейлер өскелең ұрпақтың қауіпсіз ортада тәрбиеленуі үшін отбасы мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы маңызды екенін ерекше атап өтті.