2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтерді пайдалануға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Заң талаптарына сәйкес, тіркелмеген мопедтерді басқару және жүргізуші куәлігінсіз мопедті пайдалану тыйым салынады.
Аталған күннен бастап мопед иелері келесі талаптарды орындауы тиіс:
• көлік құралын полицияда тіркеуден өткізу;
• A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігін алу;
• техникалық тексеруден өту;
• азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруды рәсімдеу.
Полиция мәліметтеріне сәйкес, қазіргі таңда Жетісу облысында 129 мопед ресми тіркелген. 5 сәуірге дейін қажетті құжаттарды рәсімдемеген жүргізушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612 және 590 (2-тармақ) баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Жаңа шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және мопедтерді пайдалану кезінде орын алатын құқық бұзушылықтар санын азайтуға бағытталған. Мемлекеттік органдар азаматтарды белгіленген талаптарды сақтап, құжаттарды уақытында рәсімдеуге шақырады.
Жаңа ережелерді сақтау барлық жол қозғалысы қатысушылары үшін жолдарды қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.