ЖЕТІСУ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ 3 КҮНДЕ МАЛ ЖАЮ МЕН ТАСЫМАЛДАУ ЕРЕЖЕЛЕРІН БҰЗУДЫҢ 40-ТАН АСТАМ ФАКТІСІН АНЫҚТАДЫ

ЖЕТІСУ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ 3 КҮНДЕ МАЛ ЖАЮ МЕН ТАСЫМАЛДАУ ЕРЕЖЕЛЕРІН БҰЗУДЫҢ 40-ТАН АСТАМ ФАКТІСІН АНЫҚТАДЫ

Жетісу полицейлері жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараның 3 күнінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережесін бұзған 20 мал иесін жауапкершілікке тартты.

— Облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері осы күндері мал жаю ережелерінің бұзушылықтарын анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Себебі, қараусыз, бос жүрген жануарлар жол апатына жиі себепкер болады. Небәрі 3 күннің ішінде 20 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 12-сі Панфилов ауданы бойынша, – деп атап өтті Жетісу облысы ПД ППБ командирінің м.а. Абылай Беркендіков.

Сонымен қатар, үй жануарларына жарық шағылыстыратын элементтерді тағу, сондай-ақ тас жолдар маңында мал жаюға жол бермеу жөнінде тұрғындарға кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бұдан басқа, патрульдік полиция қызметкерлері мал және ет өнімдерін тасымалдау ережелерін бұзу фактілерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізді. Небәрі 3 күні ішінде 22 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Полицейлер қараусыз қалған малдардың көлік қозғалысына үлкен қауіп төндіретінін еске салады. Көбінесе соқтығысу салдарынан жүргізушілер мен жолаушылар түрлі жарақаттар алып, адамдар мен жануарлар өлімі орын алады.