ТАЛДЫҚОРҒАНДА БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫНЫҢ КӨМЕГІМЕН 5000-НАН АСТАМ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

ТАЛДЫҚОРҒАНДА БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫНЫҢ КӨМЕГІМЕН 5000-НАН АСТАМ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Талдықорғанда жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен жыл басынан бері 5184 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

– Қылмыстардың көбісі, әдетте, азаматтардың көп жиналатын орындарында, орталық алаңдарда, базарлардың, вокзалдардың және вокзал маңы алаңдарының аумақтарында тіркеледі. Облыс орталығында орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен биыл 70 қылмыс ашылып, 5000-нан астам құқық бұзушылық анықталды. Бүгінгі күні, облыс орталығындағы жедел жағдайды тәулік бойы 871 сыртқы бейнебақылау камерасы бақылайды, оның 300 көше қиылыстарында, 571 қоғамдық орындарда және тұрғын үй алаптарының аулаларында орнатылған, – деп атап өтті Талдықорған ҚПБ ЖБО бастығы Айдын Ибраев.

Барлық жедел ақпарат жедел басқару орталығына түседі және осы жерден полиция қызметтерінің барлық күштері мен құралдарын басқару жүзеге асырылады. Бұл бөлімшенің полициядағы қызметі бір минутқа да тоқтатылмайды.

– Жедел басқару орталығында жұмыс «non-stop» режимінде жүзеге асырылады. Әрбір мониторға бейнежазбаларды тұрақты қарауды жүзеге асыратын бейнебақылау инспекторы бекітілген. Қылмыстың «ізін суытпай» ашылуы көбінесе инспектордың кәсібилігіне байланысты, – деп толықтырды А. Ибраев.

Сонымен қатар, мемлекет Басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша тапсырмасын іске асыру шеңберінде облыс орталығында «SOS» дабыл сигналын беру және полицияны шұғыл шақыруға арналған 7 құрылғы жұмыс істейді, олар Талдықорғанның қоғамдық орындарында орналасқан. Үш ай ішінде осы құрылғылар арқылы азаматтардан 11 хабарлама келіп түсті және қарастырылды.

Биылғы жылы «102» арнасына әртүрлі сипаттағы 18 000-нан астам хабарлама келіп түсті, оның ішінде 12 000-нан астам қоңырау бойынша жедел ден қою қамтамасыз етілді.

Өңір полициясы азаматтарды құқық бұзушылықтарға төзбеушілік ұстанымын қолдануға, оларды анықтауда жәрдемдесуге шақырады және жазаның бұлтартпаушылық қағидасын еске салады.