ШЫДАМНЫҢ ДА ШЕГІ БАР...

ШЫДАМНЫҢ ДА ШЕГІ БАР...

Ежелден кез келген әйел үшін ең басты құндылық – отбасы. Әйел отбасында қандай зорлық көрсе де, жанұясы үшін, әсіресе балалары үшін барлығына көніп, төзуге әзір. Оған қоса, біздің менталитеміз «бала толыққанды отбасында ғана бақытты болып өседі» деген ұстанымға берік. Өкініштісі, ошағын сақтап қалу үшін агрессор, абьюзер күйеуінің қорлығын көріп жатқан әйелдер аз емес.

Дәл осындай оқиға Текелі қаласында да болған. Біздің кейіпкеріміз 7 баланы өмірге әкелген ардақты ана, осы кезге дейін отбасындағы қорлықты балаларымның әкесі ғой, бәрі өзгерер, енді қайталамас, отбасымның берекесін сақтау үшін шыдауым керек деп өмір сүріп келген.

«Мен осы балапандарым үшін ұзақ уақыт бойы шыдап, полицияға арызданып, көмек сұраған емеспін. Бірақ та қанша шыдасам да үйдегі жағдай ушықпаса, түзелмеді, бұлай жалғаса берсе, арты не болады, өзімнің емес балаларымның өміріне алаңдаймын, олардың қауіпсіздігі үшін шара қабылдау керек» – деп көзіне жас алған кейіпкеріміз Текелі қалалық бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Гүлмира Ожароваға хабарласты.

Арыз бойынша ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалалық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Г.Ожарова мен учаскелік полиция инспекторы Д.Нұрқасымов көп балалы ананы Дағдарыс орталығына орналастырып, агрессорға қатысты қорғау нұсқамасын шығарды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 73-бабына сәйкес хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды. Сот шешімімен тиісті шаралар қабылданатын болады.

Құрметті азаматтар! Есіңізде болсын, отбасындағы зорлық-зомбылық тек тұрмысы нашар адамдардың ғана проблемасы емес. Мұндай драмалардың кейіпкерлері бейәлеуметтік өмір салтын ұстанатын адамдар деп сену аңғалдық. Көбіне осындай тұрмыстық қатынастардағы қылмыстар біздің жақын ортамыздағы қарапайым отбасыларында болып жатады. Бұл біздің көршіміз, әріптестіміз, танысымыз, тіпті туысымыз. Бірақ кез-келген әйел өз үйінде жылдар бойы, кейде ондаған жылдар бойы не болып жатқандығы туралы айтып, бөлісуге батылы бармайды…

Құрметті әйелдер! Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген алғышарттары болған жағдайда дер кезінде полицияға хабарласыңыз. Сіздің осындай қиын кезеңде жаныңызда отбасыңыз бен достарыңыз бар екенін ұмытпаңыз. Әйелдер мен балаларға бірінші кезекте қажетті көмек көрсетуге дайын Дағдарыс орталықтары бар. Сізді тұрмыстық агрессорлардың зорлық-зомбылығына төзбеуге шақырамыз! Үндемеңіз! Өзіңізге және балаларыңызға қамқорлық жасаңыз!

Жетісу облысы ПД Баспасөз қызметі