Жетісу полицейлері көлікті мас күйінде басқаратын жүргізушілермен жұмысты едәуір күшейтті. Толық емес үш ай ішінде облыстың автожолдарында алкогольдік мас күйінде көлікті тізгіндеген 160-тан астам жүргізуші ұсталды. Бұрын жауапқа тартылған және жүргізуші куәлігінен айырылған 20 жүргізушіге қатысты құқық бұзушылықты қайталағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
Соңғы факт 29 наурызда Көксу ауданында тіркелді, онда жергілікті полицияның автопатруль қызметкерлері Балпық би ауылының 44 жастағы тұрғынын ұстады. Медициналық қорытындының нәтижелері ер адамда алкогольдік масаңдықтың орташа дәрежесін растады.
«Ұсталған кезде жүргізушіде тиісті құжаттар болған жоқ. Арнайы мәліметтер базасын тексеру барысында ер адам өткен жылдың жазында дәл осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Сот шешімімен 15 тәулік қамауда болған және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Енді бұзушылықты қайталағаны үшін оған ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) қылмыстық жаза қолданылады», - деп хабарлады Көксу ауданының полициясы.
Полиция жүргізушілерді көлікті басқару кезінде алкогольдік ішімдіктерден бас тартуға шақырады. «Рульде мас болу» тек қатаң заңнамалық жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар қайғылы апаттарға да ұрындырады. Өзіңізді және басқа жол қозғалысына қатысушылардың өмірін қорғаңыз.
Жетісу облысы ПД Баспасөз қызметі