
Көксу ауданында жаңа бастама қолға алынды. Жамбыл ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте аудандағы алғашқы «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Жетінші сыныптың 18 оқушысы өздері үшін жаңа бағыттағы алғашқы қадамдарын жасады. Енді оларды арнайы сабақтар, полиция қызметкерлерімен кездесулер, құқық қорғау саласындағы мамандықпен танысу және құқықтық дайындық негіздері күтеді. «Жас сақшы» сыныбы мектеп пен аудандық полиция бөлімінің арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында құрылды. Полиция қызметкерлері үшін бұл жай ғана кезекті жоба емес. Бұл – балаларға жақын болып, заң, қауіпсіздік пен жауапкершілік туралы түсінікті тілде әңгімелесуге, сондай-ақ полиция мамандығын сырттай емес, оның ішкі қырларымен таныстыруға мүмкіндік. Басты мақсат – жасөспірімдердің бойында азаматтық ұстаным мен отансүйгіштік сезімді, жауапкершілік пен тәртіпті, заңға деген құрметті қалыптастыру. Бүгінде олар «Жас сақшы» формасын алғаш рет киіп, полиция қызметінің қыр-сырымен танысуда. Мүмкін, олардың арасынан дәл осы күннен бастап болашақта үлкен қызмет жолын таңдайтындар да шығар. Ең бастысы – әрқайсысы қазірдің өзінде қарапайым, бірақ маңызды қағиданы меңгеріп келеді: тәртіп – өзіңнен басталады.