
Жетісу облысы Полиция департаментінің киберполиция қызметкерлері Талдықорған қаласындағы №5 мектептің оқушыларына профилактикалық дәріс өткізді. Бүгінде балалар кішкентай кезінен телефон мен компьютерді еркін пайдаланып, интернетке қол жеткізе алады. Алайда ғаламтор мүмкіндіктерімен қатар алаяқтық, күмәнді топтарға тарту және жасөспірімдердің психикасына кері әсер ететін ақпараттық қауіптер де бар. Полиция қызметкерлері ойынға тәуелділік – лудомания мәселесіне ерекше назар аударды. Оқушыларға құмар ойындар мен онлайн-казинолардың қаупі, сондай-ақ мұндай тәуелділіктің адам өміріне тигізетін ауыр салдары түсіндірілді. Құқық қорғау қызметкерлері балаларды интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғауда ата-аналардың рөлі маңызды екенін атап өтті. Ересектер балаларының интернеттегі белсенділігіне назар аударып, олардың қызығушылықтарынан хабардар болып, цифрлық технологияларды жауапкершілікпен пайдалануға үйретуі қажет. Жетісу киберполициясы ата-аналарды қырағы болуға және балаларымен интернет қауіпсіздігі тақырыбында ашық сөйлесуге шақырады.