
Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда қайыр сұрау және азаматтарға тиісу фактілерін анықтау мен жолын кесуге бағытталған профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты негізде жүргізуде.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қоғамдық орындарда азаматтарға тауар сатып алу, сату, айырбастау, бал ашу, қайыр сұрау немесе өзге де қызметтерді күштеп таңу мақсатында мазалап тиісу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Рейдтік іс-шаралар барысында, оның ішінде Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы полиция қызметкерлері осындай құқық бұзушылықтарды анықтап, құқық бұзушылардың жеке басын белгілейді және қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.
Жыл басынан бері Жетісу облысының аумағында осындай 7137 құқық бұзушылық фактісінің жолы кесілді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге ерекше назар аударылуда.Полиция тұрғындар мен өңір қонақтарын азаматтарға тиісіп, мазалайтын адамдармен жанжалға түспеуге және мұндай фактілер туралы дереу 102 нөміріне хабарлауға шақырады.