
Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі А. Сейдуалиев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Жетісу облысы бойынша филиалы және «ҚажСервис» ЖШС өкілдерімен жұмыс кеңесін өткізді.
Жиында облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жай-күйі, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарының сақталуы және жол жөндеу мекемелерінің өздеріне жүктелген міндеттерді орындауы мәселелері қаралды.
Кеңес барысында Әкімшілік полиция басқармасының жыл басынан бері атқарған жұмыстарының нәтижелері баяндалды. Атап айтқанда, облыс аумағындағы жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарына 979 тексеру жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою мақсатында жол жөндеу және күтіп-ұстау мекемелеріне 980 ұйғарым жолданған.
Сонымен қатар, автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын күтіп-ұстау талаптарын тиісінше орындамағаны үшін 174 жол мекемесі мен жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі уақытта облыс аумағындағы бірқатар автомобиль жолдарында ағымдағы және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, анықталған кемшіліктерді жоюға қатысты нұсқамалардың орындалуы барысында жұмыстарды тапсырыс ретінде рәсімдеу, конкурстық рәсімдерді өткізу және мердігер ұйымды айқындау кезеңдеріне байланысты уақыттың созылуы байқалады.
Осының салдарынан жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін кемшіліктерді жою белгіленген мерзімнен кешіктірілуде.
Бұдан бөлек, облыс аумағындағы авариялық қауіпті орындарды анықтау, есепке алу және оларды жою бойынша жұмыстардың ұйымдастырылуына назар аударылды. Авариялық қауіпті учаскелер бойынша анықталған кемшіліктерді уақтылы жою және қажетті шараларды қабылдау қажеттігі атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Жетісу облысы бойынша филиалына, «ҚажСервис» ЖШС-нің Жетісу облыстық филиалына және Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Атап айтқанда, полиция органдары жолдаған ескертулер мен нұсқамалардың уақтылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кемшіліктерді жедел жою, авариялық қауіпті учаскелер бойынша қажетті шаралар қабылдау және атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты белгіленген мерзімде ұсыну тапсырылды.