Жетісу облысында ауыр және арнайы техникалардың техникалық жағдайы тексерілуде

Жетісу облысында ауыр және арнайы техникалардың техникалық жағдайы тексерілуде

Жетісу облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тұрақты негізде рейдтік-профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.

Рейд барысында ірі габаритті арнайы техникаға, арнайы мақсаттағы көлік құралдарына, сондай-ақ тіркемесі және жартылай тіркемесі бар ауыр жүк көліктеріне ерекше назар аударылады.

Тексеру кезінде көлік құралдарының техникалық жағдайы, қажетті техникалық жабдықтарының болуы мен жарамдылығы, сондай-ақ олардың белгіленген техникалық регламенттер мен стандарттардың талаптарына сәйкестігі қаралады.

Жыл басынан бері көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзудың 10 150 фактісі анықталып, жолы кесілді.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерге көліктерінің техникалық жарамдылығына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын түсіндіруде. Ақауы бар немесе техникалық талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарымен жолға шығу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Полиция жүргізушілерді көлік құралдарының техникалық жағдайын алдын ала тексеруге және жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Жол қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік.