
Жазғы демалыс – тынығып, уақытты көңілді өткізуге арналған кезең. Алайда дәл осы уақытта қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызы арта түседі. Полиция қызметкерлері Талдықорған қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мамандарымен бірлесіп, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен қала тұрғындары демалатын орындарды қамтыған профилактикалық рейд өткізді.
Тұрғындармен кездесулер барысында полицейлер ата-аналарға қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік ережелерін еске салды. Балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алуға ерекше назар аударылды. Ата-аналарға кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау және үйде қауіпсіз жағдай жасау қажеттігі түсіндірілді. Тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратылды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында полиция қызметкерлері қала тұрғындарын тазалық сақтауға, қоқысты белгіленбеген орындарға тастамауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.
Су айдындарында демалып жүрген азаматтармен де жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ересектерге балалар суға шомылған кезде оларды үнемі бақылауда ұстап, бір сәтке де қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертілді.
Қауіпсіздік қарапайым әрекеттерден басталады. Әр адамның қырағылығы мен жауапкершілігі қайғылы жағдайлардың алдын алып, ең қымбат құндылық – адам өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.