Бейнебақылау камералары тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектесуде

Бейнебақылау камералары тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектесуде

Жетісу облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындарға тәулік бойы күнделікті мониторинг жүргізеді.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында қоғамдық орындардың тазалығы мен абаттандыру қағидаларының сақталуына ерекше назар аударылуда. Бейнебақылау камералары арқылы полицейлер белгіленбеген орындарға темекі тұқылдарын, қоқыс және басқа да қалдықтарды тастау деректерін анықтайды.

Сонымен қатар Талдықорған қаласының орталық Арбатында және азаматтар көп жиналатын өзге де қоғамдық орындарда тұрақты бейнемониторинг жүргізіледі. Жедел басқару орталығының назарында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, масаң күйде жүру және қоғамдық тәртіпті бұзудың өзге де деректері бар.

Құқық бұзушылық анықталған жағдайда ақпарат тиісті шаралар қабылдау үшін жақын маңдағы полиция нарядтарына жедел түрде беріледі.

Заманауи бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жолын кесуге, қоғамдық орындардағы тазалықты сақтауға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жетісу облысының полициясы тұрғындар мен өңір қонақтарын тазалықты сақтауға, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.