
Жетісу облысының Полиция департаментінде кеңес өтіп, оның барысында ведомство басшылығы қазақ күресінен «Жетісу Барысы – 2026» облыстық турнирінің жеңімпазы атанған полиция қызметкері Нияз Ерсайынды құттықтады.
Жоғары спорттық жетістігі, күш-жігері, шеберлігі мен жеңіске деген жігері үшін оған алғыс білдіріліп, ізгі тілектер айтылды. «Жетісу Барысы – 2026» құрметті атағын жеңіп алуы спортшының жеке жетістігі ғана емес, бүкіл полиция ұжымы үшін үлкен мақтаныш екені атап өтілді. Алдағы уақытта Нияз Ерсайын республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде Жетісу облысының намысын қорғайтын болады.
Салтанатты бөлімнен кейін жұмыс кеңесі өтіп, онда Жетісу облысы Полиция департаментінің ағымдағы жылдың жеті айындағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары шығарылды. Басшылық құрылымдық бөлімшелердің жұмыс нәтижелерін саралап, қызметтің басым бағыттарын айқындап, тиімділікті одан әрі арттыру бойынша нақты міндеттер қойды.
Кеңес барысында «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыруға, профилактикалық жұмыстарды күшейтуге, анықталған кемшіліктерді уақтылы жоюға, қызметтік тәртіпті нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықпен өзара байланысты жандандыруға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуын қамтамасыз етуге, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыруға белсенді қатысуы бойынша тиісті міндеттер қойылды.
Департамент басшылығы азаматтармен ашық диалог орнату, олардың өтініштеріне жедел ден қою, сапалы профилактикалық жұмыс жүргізу, жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету Жетісу облысы полициясының негізгі жұмыс бағыттары болып қала беретінін атап өтті.