
Алакөл көлінің жағалауында полиция қызметкерлері бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде адасып кеткен сегіз жасар баланы анасына аман-есен табыстады.
Демалыс кезінде бала анасына жағалауда қалып қойған тәпішкесін алып келетінін айтып, өздігінен кетіп қалған. Алайда біраз уақыт өтсе де қайта оралмаған. Бағдарынан жаңылған бала басқа елді мекеннің бағытына қарай кетіп қалған.
Бақытына қарай, жолда оған бейжай қарамаған азаматтар кездескен. Олар баланы сабырға шақырып, полиция қызметкерлеріне тапсырған. Осы уақытта тәртіп сақшылары жоғалған баланы іздеу жұмыстарын бастап, барлық патрульдік жасақтарға бағдар берген болатын.
Көп ұзамай бала анасына аман-есен жеткізілді. Ең бастысы — оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнген жоқ.
Жетісу облысы Полиция департаменті ата-аналарға балаларды көпшілік демалатын орындарда қараусыз қалдырмауды ескертеді. Кейде небәрі бірнеше минуттың өзі қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Егер балаңыз жоғалып кетсе, уақыт оздырмай полицияға хабарласыңыз.