Талдықорған қаласында Халықаралық есірткіге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні аясында барлық жастағы тұрғындарды салауатты өмір салты мен есірткісіз болашақты таңдауға үндеген ауқымды есірткіге қарсы акция өтті.
Іс-шара спорттың, шығармашылықтың және белсенді азаматтық ұстанымның мерекесіне айналды. Қатысушылар үшін есірткіге қарсы тақырыптағы сурет байқауы, кітап көрмесі ұйымдастырылып, сондай-ақ «Қос Қанат», «Делай добро» және «Аяла Алақан» үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу мен жастар бастамаларын қолдаудың маңыздылығы туралы ақпараттық алаңдар өткізді.
Іс-шара барысында спорттық бағдарламалар көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар қол күресі, кір тасын көтеру және арқан тарту сайыстарында бақ сынап, өздерінің күш-қайратын, төзімділігі мен ұйымшылдығын көрсетті. Мерекелік атмосфераны жүздеген қала тұрғындары қатысқан сәнді шеру мен ауқымды флешмоб толықтырды.
Шығармашылық және спорттық жарыстардың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, естелік сыйлықтармен және бағалы жүлделермен марапатталды.
Акцияның жарқын қорытындысы Жетісу облысының танымал өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама болды. Сонымен қатар, қатысушылар үшін танымдық викторина ұйымдастырылып, арнайы мақсаттағы бөлініс (СОБР) қызметкерлері, кинологиялық қызмет мамандары және каратэшілер өздерінің кәсіби шеберлігін көрсеткен көрсетілімдер ұсынды.
Іс-шара барысында тұрғындарға есірткінің зияны, оны қолданудың салдары және көмек алу жолдары туралы пайдалы мәліметтер қамтылған ақпараттық жадынамалар таратылды.
Ауқымды акцияға екі мыңнан астам адам қатысып, есірткінің алдын алу – бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай іс-шаралар жастардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, салауатты өмір салтын, спортты және белсенді азаматтық ұстанымды насихаттауға ықпал етеді.