Таза қала – есірткісіз болашақ: Талдықорғанда антинаркотикалық рейд өтті

Таза қала – есірткісіз болашақ: Талдықорғанда антинаркотикалық рейд өтті

Есірткі жарнамасына қарсы күрес – әр азаматтың бейжай қарамауынан басталады. Бүгін Талдықорған қаласында Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері прокуратура өкілдерімен, «Аяулы Алақан» үкіметтік емес ұйымымен, есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен және еріктілермен бірлесіп ауқымды антинаркотикалық рейд өткізді.

Іс-шараға 45 ерікті қатысты. Қатысушылар қала көшелерін аралап, есірткінің заңсыз айналымына қатысты жазулар мен интернет-сілтемелерді анықтады. Рейд барысында осындай екі сілтеме анықталып, олар жедел түрде боялып, жойылды.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізді. Қала тұрғындарына ақпараттық жадынамалар таратылып, жастармен есірткі қылмыстарының салдары, есірткінің зияны және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы түсіндіру әңгімелері өткізілді.

Айта кету керек, жыл басынан бері Жетісу облысында есірткі құралдарын насихаттайтын 97 граффити мен интернет-сілтеме жойылған. Бүгін олардың қатары тағы екі жойылған жазумен толықты.