Қазақстан полициясы күні – бұл тек кәсіби мереке ғана емес, сонымен қатар бейбітшілік пен қоғамдық қауіпсіздік жолында өз өмірін құрбан еткен жандарды еске алу күні.
Жетісу облысындағы салтанатты іс-шаралар қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Полиция департаментінің басшылығы, ардагерлер мен жеке құрам әріптестерінің жарқын рухына тағзым етіп, антқа адал болып, қызметтік міндетін соңына дейін абыроймен атқарған ерлерді еске алды.
Ескерткіш алдында алғыс пен қасіретке толы сөздер айтылып, қатысушылар бір минут үнсіздікпен азаматтардың тыныштығы мен ел қауіпсіздігі үшін жанын қиған батырлардың рухына тағзым етті. Олардың ерлігі Қазақстан полициясының тарихында ерлік пен ар-намыстың, Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып мәңгі сақталады.
Батырлардың жарқын бейнесі әріптестерінің, туған-туыстарының және бейбіт өмірдің қадірін білетін барша азаматтың жүрегінде мәңгі сақталады. Олардың жанқиярлығы Заң мен халыққа қызмет ету жолын таңдаған жас буын үшін әрдайым өнеге болып қала береді