«Ұрпақтар бірлігі, рухтың мықтылығы және дәстүрге адалдық»

«Ұрпақтар бірлігі, рухтың мықтылығы және дәстүрге адалдық»

Қазақстан полициясы күні қарсаңында Жетісу облысында «Арлан» спорт клубының бастамасымен спорттық жүгіру жарысы ұйымдастырылды. Іс-шараға Жетісу облысы Полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның ардагерлері, сондай-ақ өңірдің полиция қызметкерлері қатысты.

Спорттық шара тәртіп сақшыларының бірнеше буынын бір арнаға тоғыстырып, сабақтастықтың, ауызбіршіліктің және қызметтік борышқа адалдықтың жарқын үлгісіне айналды. Қатысушылар үшін бұл жарыс тек төзімділікті сынау ғана емес, сонымен қатар күш-жігерін, қайсарлығын және алға қойған мақсатқа ұмтылысын көрсетуге мүмкіндік берді.

Іс-шараның ерекше маңызын ардагерлердің қатысуы айқындады. Олар өз өнегесі арқылы мамандыққа адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің және белсенді өмірлік ұстанымның жас талғамайтынын дәлелдеді. Ал жас қызметкерлер үшін бұл кездесу тәртіп пен ерліктің, даңқты дәстүрлерге құрметтің нағыз қызметтің негізі екенін тағы бір мәрте ұғынуға мүмкіндік берді.

Осындай іс-шаралар ұжымдық рухты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға және жеке құрамның дене даярлығын арттыруға ықпал етеді. Өйткені полиция қызметі жоғары кәсібилікпен қатар, мықты физикалық дайындықты, төзімділік пен кез келген күрделі жағдайда әрекет етуге дайын болуды талап етеді.

Спорттық жүгіру Қазақстан полициясы күніне арналған алғашқы іс-шаралардың бірі болып, қатысушыларды ортақ мақсат – қоғамға қызмет ету, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету және абырой, ерлік пен бірліктің үлгісі болу жолында біріктірді.