
Балалардың ұйымдасқан топтарын тасымалдау кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жетісу облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жазғы сауықтыру маусымы кезеңінде кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.
Ерекше назар кәмелетке толмағандарды демалыс орындарына және кері бағытта қауіпсіз тасымалдауды ұйымдастыру мәселелеріне аударылуда.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдауға тартылған мектеп автобустары мен өзге де көлік құралдары тексерілуде. Полицейлер көлік құралдарының техникалық жай-күйін, міндетті техникалық байқаудан өтуін, алғашқы медициналық көмек қобдишалары мен өрт сөндіргіштердің болуы және жарамдылығын, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бақылауда.
Сонымен қатар, жүргізушілермен қолданыстағы заңнама талаптарын, жол қозғалысы қағидаларын сақтау және балаларды тасымалдау кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.