Жетісу облысында азаматтардың дербес деректерін заңсыз пайдаланған коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылды

Жетісу облысында азаматтардың дербес деректерін заңсыз пайдаланған коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылды

Жетісу облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратура және ҰҚК департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы азаматтарының дербес деректерін заңсыз пайдалануға байланысты коллекторлық агенттіктің заңсыз қызметін әшкереледі.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Талдықорған қаласында коллекторлық агенттіктің қызметкерлері азаматтардың дербес деректерін қамтитын мамандандырылған ақпараттық жүйені заңсыз пайдаланғаны анықталды. Аталған деректер базасы арқылы азаматтардың тегі, аты-жөні, ЖСН-і және ұялы телефон нөмірі бойынша ақпарат іздеуге мүмкіндік болған.

Тергеу аясында деректер базасын ұйымдастыруға және пайдалануға қатысы бар үш адам ұсталды. Олардың тұрғылықты және жұмыс орындарында санкцияланған тінту жүргізілді.

Нәтижесінде дербес деректерді сақтау, өңдеу және тарату үшін пайдаланылуы мүмкін компьютерлік техника мен мобильді құрылғылардың едәуір көлемі тәркіленді. Сонымен қатар, тексеру шараларын жүргізу үшін бірнеше адам полиция органдарына жеткізілді.