
Текелі қаласындағы №4 орта мектептің 3–4 сынып оқушылары үшін Жетісу облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері мен Текелі қаласының полиция қызметкерлері қауіпсіздік сабағын өткізді.
Кездесу барысында оқушыларға жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Әсіресе жол қозғалысы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, балаларға жаяу жүргіншілер өткелінен дұрыс өту, бағдаршамның сигналдарына сәйкес әрекет ету және жолда сақ болу қағидалары айтылды.
Патрульдік полиция ротасының инспекторы оқушыларға жолды қауіпсіз кесіп өту тәртібін түсіндіріп, жол жиегінде аса мұқият болу қажеттігін еске салды.
Сонымен қатар, балалардың қараңғы уақытта қауіпсіздігін арттыру мақсатында оқушыларға жарық шағылыстыратын арнайы жилеттер таратылды. Полицейлер мұндай жарық шағылыстыратын элементтердің жүргізушілерге жаяу жүргіншіні алыстан байқауға көмектесетінін түсіндірді.
«Балалардың қауіпсіздігі — полиция қызметінің басты басымдықтарының бірі. Жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін ерте жастан қалыптастыру аса маңызды», — деп атап өтті полицияның баспасөз қызметі.
Осындай профилактикалық іс-шаралар өңірдің білім беру мекемелерінде тұрақты түрде өткізіліп, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.