Тарих сақшылары: Жетісу облысы полиция музейінде өңір ішкі істер органдарының қалыптасу тарихы таныстырылды

Тарих сақшылары: Жетісу облысы полиция музейінде өңір ішкі істер органдарының қалыптасу тарихы таныстырылды

Халықаралық музейлер күніне орай тарихты сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізіп жүрген жандарға ерекше құрмет көрсетіледі. Осындай маңызды орындардың бірі — аты аңызға айналған Жетісу генералы, милиция генерал-майоры Әбдіқадыр Болсамбеков атындағы полиция музейі.

Музей өңірдің ішкі істер органдары тарихының шынайы шежіресіне айналған. Мұнда Жетісу облысындағы милиция мен полицияның қалыптасу кезеңдері, ішкі істер органдарының алғашқы қызметкерлері, Ұлы Жеңіс майдангерлері, сондай-ақ өмірін заң мен қоғамға қызмет етуге арнаған бүгінгі күннің қаһармандары туралы құнды материалдар жинақталған.

Музей бойынша экскурсия мен сұхбатты музей меңгерушісі Мәдина Болсамбекова жүргізді. Ол әкесі — милиция генерал-майоры Әбдіқадыр Болсамбековтің жарқын бейнесін ерекше құрметпен сақтап, бұл тарихты жас ұрпаққа жеткізу арқылы полиция қызметіне деген құрмет пен патриоттық рухты дәріптеп келеді.

«Музей — жай ғана жәдігерлер сақталатын орын емес. Бұл — заң мен тәртіп күзетінде тұрған, азаматтарды қорғап, еліне адал қызмет еткен жандардың тірі тарихы. Біздің міндетіміз — осы жадыны сақтап, оны жас буынға жеткізу», — деді Мәдина Болсамбекова.

Бүгінде полиция музейі патриоттық тәрбиенің маңызды орталығы ретінде қызметін жалғастырып келеді. Мұнда әрбір келуші тарихпен танысып, ішкі істер органдары қызметкерлерінің ерлігіне тағзым етіп, ұрпақтар сабақтастығын сезіне алады.