
«Тәрбие — тал бесіктен» — жауапкершілік, тәртіп және заңға құрмет бала кезден қалыптасады.
Текелі қаласындағы №8 орта мектепте бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған «Абайлаңыз, балалар!» атты профилактикалық іс-шара өтті. Кездесудің негізгі мақсаты — оқушылар арасында жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жазғы демалыс кезеңінде құқықтық сауаттылықты арттыру.
Іс-шара барысында оқушыларға жол қозғалысы ережелері еске салынды. Сонымен қатар, жолды қауіпсіз кесіп өту, велосипед пен самокатты пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары түсіндіріліп, жаз мезгілінде жолда аса мұқият болу қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ, мектеп бітіру іс-шаралары кезінде автокортеж ұйымдастыруға жол берілмейтіні ерекше атап өтілді. Оқушыларға жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдары мен жолда қауіпті жағдай туындатқаны үшін жауапкершілік түсіндірілді.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы есірткі қылмысының өзекті мәселесіне де тоқталды. Оқушыларға «жасырын есірткі тасымалдаушылардың» заңсыз әрекеттері, жасөспірімдерді қылмыстық схемаларға тарту тәсілдері түсіндіріліп, мұндай құқыққа қайшы әрекеттерге қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны ескертілді.
Осындай профилактикалық шаралар жас ұрпақтың өз қауіпсіздігі мен болашағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастырып, заңға бағынатын, саналы азамат тәрбиелеуге ықпал етеді.