
«Отан — отбасынан басталады» — деп жазған қазақтың ақыны Мұхтар Шаханов. Бұл сөздер қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген, сонымен қатар аяулы жар, мейірімді әке бола білген азаматтардың өмірлік ұстанымын терең ашады.
Отбасы — адам өміріндегі ең қымбат әрі мызғымас құндылық. Адам отбасы үшін кез келген қиындықты еңсеруге, уақытын, күшін, тіпті тыныштығын құрбан етуге дайын. Себебі отбасы — ең ауыр күндердің өзінде алға жетелейтін басты тірек.
Талдықорған қаласы Патрульдік полиция ротасының кіші лейтенанты Несіпбаев Арлан Бақытбекұлы — полиция қызметкеріне тән батылдық пен отбасылық жылулықты қатар алып жүрген азаматтың жарқын үлгісі. Ол небәрі 22 жасында үлкен жауапкершілікті арқалап келеді: қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жолдағы тәртіпті қадағалап, күндіз-түні түрлі шақыртуларға шығып, антына адал қызмет атқаруда.
Алайда қызметтік форма мен тынымсыз кезекшіліктің ар жағында жас әке мен сүйікті жар тұр. Қиын жұмыс кестесіне қарамастан, Арлан отбасына уақыт бөліп, жаңа дүниеге келген ұлын тәрбиелеуге атсалысып, жақындарына сенімді тірек бола білуде.
Погон таққан ер азамат болу — оңай емес. Әрбір шақырту мен ұйқысыз түннің артында үлкен жауапкершілік, жанқиярлық пен төзім жатыр. Ал адал жар әрі үлгілі әке болу — одан кем емес міндет. Осындай азаматтар қоғамға қызмет етумен қатар, отбасының да берік қорғаны бола алатынын дәлелдейді.
Арлан Несіпбаев үшін отбасы — жай ғана сөз емес, күн сайын қызметке жігер беретін ең үлкен күш пен өмірлік мән.