
№29 орта мектепте «Өзіңді алдама: есірткі туралы шындық» тақырыбында ашық форматтағы профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараға Талдықорған қаласының жоғары сынып оқушылары, тәлімгерлер мен ата-аналар комитетінің өкілдері қатысты.
Кездесуде Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, «Қос Қанат Жетісу» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және психолог мамандар спикер ретінде сөз сөйледі.
Ашық диалог барысында жасөспірімдерге есірткі заттарын қолданудың адам өміріне тигізетін зияны, жастарды есірткі ортасына тарту тәсілдері, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтар үшін заңда қарастырылған жауапкершілік туралы кеңінен түсіндірілді.
Полиция қызметкерлері тәуелділіктің психологиялық қырына, ортаның әсеріне және «жоқ» деп нық айта білудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Мамандардың айтуынша, профилактика ең алдымен сенімді әңгімеден, отбасы қолдауынан және дұрыс өмірлік бағыт таңдаудан басталады.
Мұндай кездесулер жастардың болашағына саналы көзқарас қалыптастыруға, есірткіге қарсы иммунитетті нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.