
Көксу ауданында Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шара аясында жасөспірімдер спирттік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынатын және қоғамға жат өмір салтын ұстанатын азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына барды. Кәмелетке толмағандарға алкогольге тәуелділіктің қандай ауыр зардаптарға әкелетіні — отбасының бұзылуы, өмірлік бағыт-бағдардың жоғалуы, денсаулықтың нашарлауы және әлеуметтік құлдырау нақты мысалдар арқылы көрсетілді.
Мұндай профилактикалық жұмыс форматы жасөспірімдерге тек ақпарат жеткізіп қана қоймай, зиянды әдеттердің адам тағдырын қалай өзгертуі мүмкін екенін шынайы түрде түсінуге мүмкіндік береді.
— Кейде көзбен көрген бір мысал кез келген сөзден әсерлі болады. Біздің міндетіміз — жасөспірімдерді қателіктерден сақтандырып, салауатты өмір салтының маңызын түсіндіру және дұрыс таңдау жасауға бағыт беру, — деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Жетісу облысының полициясында жастар арасындағы профилактика жұмыстары негізгі басым бағыттардың бірі болып қала беретінін, ал мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.