
Жетісу облысы Полиция департаментінде 2026 жылдың төрт айындағы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жұмыстарының қорытындысы бойынша брифинг өтті.
Жыл басынан бері өңірде 72 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Оның ішінде 33-і есірткі қылмыстары санатына жатады. Атап айтқанда, есірткі өткізу, аса ірі мөлшерде сақтау, есірткі құралдарын насихаттау, сондай-ақ вейптер мен темекі тұтынудың түтінсіз өнімдерінің заңсыз айналымы фактілері тіркелген.
Заңсыз айналымнан 101 келіден астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 93 келіден астам марихуана, 5 келіден астам гашиш және 1 келіден астам синтетикалық заттар бар. Сонымен қатар, құрамында есірткісі бар 275-тен астам өсімдік бұтасы анықталып, тәркіленді.
Төрт ай ішінде 43 адам ұсталды, олардың ішінде 7 «жасырын салымшы» бар. Есірткіге қатысты 51 қылмыстық іс сотқа жолданды. Сондай-ақ, есірткіні медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін 74 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Интернет арқылы жасалатын есірткі қылмыстарына қарсы күреске ерекше назар аударылуда. «Кибернадзор» бағдарламасының көмегімен 1022 есірткі сайты бұғатталды. «Антифрод» жүйесі арқылы жалпы сомасы 5 миллион теңгеден асатын 313 банк шоты бұғатталған. Бұдан бөлек, Талдықорған қаласында екі есірткі зертханасы жойылды.