
Мереке күндері Талдықорған қаласының полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Ерекше назар отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық орындардағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға аударылуда.
Түнгі рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер отбасылық-тұрмыстық жанжал дерегі бойынша жедел әрекет етіп, 1 фактіні тіркеді. Аталған жағдай бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 1 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Белгіленбеген орындарда сауда жасаудың 4 фактісі анықталса, тағы 4 азамат қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені немесе мас күйде жүргені үшін жауапқа тартылды.
Түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз үйден тыс жүрген 8 жасөспірім анықталды. Жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.