Жетісу облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Ортақ пайдаланылатын орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылуда. Тіпті болмашы көрінетін заң бұзушылықтардың өзі қағидатты түрде қаралады.
Осылайша, қоғамдық орындарды ластау деректері тек Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы ғана емес, сондай-ақ патрульдеу барысында және өңірдің болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың өтініштері негізінде де анықталуда. Атап айтқанда, шегілген темекіні тастау және абаттандыру қағидаларын өзге де бұзғаны үшін 165 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Әрбір мұндай жағдай назардан тыс қалмайды — қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады.
«Табиғатты ластау — ұсақ құқық бұзушылық емес, бұл қоршаған орта мен қоғамға деген құрметсіздіктің көрінісі. Тазалық әр адамның жауапкершілігінен басталады», — деп атап өтті полицияның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, халықпен ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Полиция қызметкерлері тұрғындарға қоғамдық орындардағы мінез-құлық нормаларын түсіндіріп, қарапайым тазалық пен тәртіп ережелерін сақтаудың маңыздылығын атап өтуде. Себебі дәл осындай қарапайым қағидалардан қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасы қалыптасады.