Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегін анықтап, жолын кесті. Оқиға әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жарияланған бейнежазба негізінде белгілі болды.
Аталған жағдай түнгі уақытта Қабанбай батыр ескерткіші маңында орын алған. Анықталғандай, қала тұрғыны BMW автокөлігін басқарып, жолдың жүріс бөлігінде әдейі қауіпті маневрлер жасап, айналмалы дрифт орындаған. Оның әрекеті қоғамдық тыныштықты бұзып қана қоймай, жаяу жүргіншілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.
Полиция қызметкерлері жедел түрде жүргізушінің жеке басын анықтап, оны жауапкершілікке тартты. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді.
Сот отырысы барысында жас азамат өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Сот оны бірнеше бап бойынша — ұсақ бұзақылық және авариялық жағдай туындатқаны үшін кінәлі деп таныды. Барлық мән-жайларды ескере отырып, құқық бұзушыға 7 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындалды.