Талдықорған қаласында «Legal Talk: ашық микрофон» атты жастар форумы өтті. Бұл алаң жастар мен құқық қорғау органдары өкілдері арасындағы ашық әрі нәтижелі диалогтың жарқын үлгісіне айналды. Кездесудің басты тақырыбы – заңдылық, қоғамдық тәртіп және жеке жауапкершілік мәселелері болды. Бұл ретте полицияның қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі ерекше атап өтілді.
Форумның басты ерекшелігі – ашық микрофон форматы. Қатысушылар еркін түрде сұрақ қойып, мамандардан нақты әрі түсінікті жауаптар алды. Кездесу барысында жастардың құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіптер және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Спикерлер қатарында Жетісу облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Сарқытбай Құсаинов болды. Ол өз сөзінде жастармен әріптестіктің маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі полиция – тек бақылау мен әрекет ету емес, бұл – қоғаммен ашық диалог. Жастардың құқықтық мәдениеті неғұрлым жоғары болса, қоғамдық тәртіп те соғұрлым берік, ал болашағымыз қауіпсіз болады», – деп атап өтті өңірдің бас полицейі.