Жетісуда көпмиллиондық ұрлық ісінде бақташы күдікке ілінді

Жетісуда көпмиллиондық ұрлық ісінде бақташы күдікке ілінді

Ағымдағы жылдың 13 сәуірінде Ескелді ауданының тұрғыны полицияға алаңдатарлық арызбен жүгінді: жайылымнан 81 бас асыл тұқымды «Алатау» ірі қарасының 39-ы қайтарылмаған. Келтірілген материалдық шығын 46 миллион теңгеден асты.

Оқиғаның алғашқы сағаттарынан бастап полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларына кірісті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында болған жағдайдың мән-жайы толық қалпына келтірілді. Анықталғандай, малды 17 жыл бойы бағып келген 45 жастағы бақташы — иесі ең сеніп тапсырған адам болған.

Жедел-тергеу әрекеттерінің нәтижесінде аталған азаматтың қылмысқа қатысы бары анықталды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Барлық мал иесіне қайтарылды.

Бұл оқиғаға ерекше өкініш тудыратын жайт — ұзақ жылдар бойы қалыптасқан сенімнің ақталмауы. Тәжірибе көрсеткендей, кейде көпжылдық сенімнің өзі адалдықтың кепілі бола бермейді.