Төрт аяқты серік пен борыш иесі: кинологтың бір күні

Төрт аяқты серік пен борыш иесі: кинологтың бір күні

Полиция қызметтерінің ішінде кинологиялық қызметтің орны ерекше. Бұл салада адам мен ит біртұтас командаға айналып, сенім, тәртіп пен өзара түсіністік күнделікті жұмыстың негізіне айналады. Жетісу облысы Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының қызметкері, полицияның кіші лейтенанты Айдос Ерузаковтың бір күні қалай өтетіні – біздің материалда.

Айдостың жұмыс күні таңертең ерте басталады. Алдымен саптық жиынға қатысып, басшылықтан күндік тапсырмаларды алады. Алдағы күннің жауапты әрі тығыз өтетіні бірден байқалады. Дегенмен, оның жұмысындағы ең маңызды кезең – өзінің төрт аяқты серігі, қызметтік иті Лашынмен жаттығу.

Лашын – жай ғана үйретілген ит емес. Ол туған күнінен бастап Айдоспен бірге. Осы уақыт ішінде олардың арасында ерекше байланыс қалыптасқан. Айдос – Лашын үшін тек жетекші ғана емес, сенімді дос әрі отбасы мүшесі. Осындай байланыс олардың қызметтегі нәтижелілігін арттырады.

Күнделікті жаттығулар тыйым салынған заттарды, жарылғыш құрылғыларды және әртүрлі иістерді іздеуге бағытталған. Адам көзі байқамай қалуы мүмкін қауіп-қатерді, қызметтік ит бірден сезеді.

Жаттығудан бөлек, кинологтар маңызды қызметтік міндеттерді орындайды. Соның бірі – пошта бөлімшелерін тексеру. Бұл жұмыс есірткі заттарының заңсыз тасымалдануын болдырмауға бағытталған. Мұндай қызмет жоғары жауапкершілікті, мұқияттылық пен үйлесімді әрекетті талап етеді.

Кинологиялық орталықта жануарларға күтім жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Қызметкерлер иттердің денсаулығын, тамақтануын және физикалық жағдайын үнемі бақылауда ұстайды. Өйткені қызметтік ит – тек жұмыс құралы емес, ол – қамқорлықты қажет ететін тірі жан.

«Қызметтік ит – жай ғана серік емес. Ол сені сөзсіз түсінеді, саған толық сенеді және ешқашан сатпайды. Біздің міндетіміз – сол сенімге лайық болу», – дейді полицияның кіші лейтенанты Айдос Ерузаков.