Талдықорған қалалық Полиция басқармасының бастығы Ернар Ширбаев Еркін ауданы тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Іс-шара ашық форматта өтті: қала тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мәселелерін ортаға салып, тиісті түсіндірмелер алды. Әсіресе құқық бұзушылықтың алдын алу, полицияға деген сенімді арттыру және халықпен өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Халықпен ашық диалог орнату бізге бар проблемаларды тереңірек түсінуге және оларды жедел шешуге мүмкіндік береді. Қоғам сенімінсіз қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мүмкін емес», — деп атап өтті Ернар Ширбаев.
Мұндай кездесулер полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, өзара құрмет пен ынтымақтастықты қалыптастыруға ықпал етеді.