
Талдықорған қаласында Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатымен бірлесіп «Есірткіге жол жоқ» атты профилактикалық акция өткізді. Іс-шара қала жастары жиі жиналатын танымал орындардың бірі — «Атамекен» алаңында ұйымдастырылды.
Акцияның басты мақсаты — есірткіге қарсы тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру және оның зияны мен салдары туралы азаматтардың хабардарлығын арттыру. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен белсенділер ақпараттық брошюралар таратып, есірткі заттарының зияны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Әсіресе жас буынға ерекше назар аударылды. Себебі дәл осы санат қауіп-қатер аймағында болғандықтан, уақытылы профилактика мен қолдауды қажет етеді. Қатысушыларға қарапайым әрі түсінікті тілде тыйым салынған заттарды бір рет қолданудың өзі қандай ауыр салдарға әкелуі мүмкін екені түсіндірілді.
«Профилактика — есірткі қылмысына қарсы күрестің негізі. Біздің міндет — құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесу ғана емес, олардың алдын алу. Жастардың дұрыс өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру — басты бағыттардың бірі. Таза орта әрқайсымыздан басталады», — деп атап өтті полиция өкілдері.
Мұндай бастамалар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және салауатты қоғам қалыптастыруға зор үлес қосады. Себебі тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана нашақорлықтың таралуына тосқауыл қойып, өскелең ұрпақтың болашағын сақтап қалуға болады.
Таза орта — жарқын болашақтың кепілі. Есірткіге — жол жоқ!